РефератыҚазақша
Бірдей заңдар барлық халықтар үшін жарамды бола алмайды
≈ 3 мин чтения

Халықты басқару дегеніміз оның нәпсілерін тепетеңдікте ұстау, олардың қауіпті зардаптарға жетелей алатындарын басып тастау және оған пайдалы бола алатындарын мемлекет пайдасына бағыттау деген сөз. Бірақ жекелеген индивидтердің нәпсісі секілді халықтардың нәпсісі ұшықиырсыз алуан түрлі; олардың пайда болуының, сақталуы мен түрін өзгертуінің себебі заңдар, салттар және әсіресе көп жағдайда табиғаттан, парасаттан және заңдардан күшті болып шығатын, және аракідік ең дана саясат үшін еңсерілмес кедергілер тудыратын адамдардың көзқарастары болып табылады. Осынау нәпсі, сондайақ әдеттің арқасында индивидтердің жанында тамыр жайған, соған сәйкес келетін әдет, былайша айтқанда, халықтың мінезін құрайды; бұл мінез барлық қоғамдар үшін бірдей бола алмайды. […]
Сондықтан, барлық адамзат қоғамдарын бір ғана бірдей заңдардың көмегімен басқару әрекеті жай ғана күлкілі, парықсыз әрекет болып шығар еді; саясатқа ең жалпылама ережелерден басқа бірдеңені міндеттеу есуастық болар еді; практикалық қызметте басқарудың барлық жеке мәселелерін реттеу барлық жерде тегіс қателіктерге ұрындырып, зиян тигізер еді, ал оқыс жағдайлар тиісті міндеттеуді ұдайы керексіз етер еді. Барлық адамдарды бір ғана бірдей ережелермен басқару барлық сырқатты бір әдіспен емдеу немесе барлық адамдарға бір ғана бірдей өмір жоспарын міндеттеу сияқты соншалық әуейілік болар еді.
Шынында да, даму ерекшеліктеріне және географиялық жағдайына орай жаугершілікке бейім мемлекеттер бар; енді біреулеріне тыныштық пен бейбітшілік көбірек қажет. Әділетсіз әрі құдіретті көршілер қоршап тұрған енді біреулері өздерінің бақуаттылығын бұзатын кезкелген басқаға тойтарыс беруге әрқашан дайын тұруы керек; тағы біреулері өз жерінің құнарсыздығынан оларға табиғат бермеген дәулет көзін бейбіт саудадан іздеуге мәжбүр болады да, оларды көрші мемлекеттер өзінің неғұрлым құнарлы жерінің жемісімен жабдықтап отырады. Халықтар сондайақ өздерінің елдері алып жатқан аумақтың көлемімен де ерекшеленеді: бірінде ол ұланғайыр, енді біреулер тар шекарада қысылған; біреулер теңіз жағалауын алып жатыр, енді біреулерінің су айдындары жоқ; біреулері табиғи бекіністермен қорғаулы, енді біреулердің тірегі тек өз күштері ғана; біреулер қатаң климаттық жағдайда еңбек етуге мәжбүр болғандықтан табиғатпен айқасады да, соның арқасында мықтырақ, белсендірек, іскерлірек бола түседі; енді біреулер қолайлы климат жағдайында өмір сүріп, өз қажеттерін опоңай қанағаттандыратындықтан, арқаны кеңге салдыратын нәуетектік пен жалқаулыққа бой ұрады; біреулері жағдайын жақсарту үшін еңбек етеді, енді біреулері қалғыпмүлгіп жата береді, ләззатқа беріліп, бар жігерден жұрдай болады. Бір халықтарға ержүректік, өркеуделік, бостандыққа құштарлық тән, енді біреулері именшек, дәрменсіз және құлдық үшін жаратылған секілді көрінеді. Біреулері саудасаттықтан мақұрым, қайыршылық күн кешеді, енді біреулері мыңғырған бай болып, сәнсалтанат ләззатымен өзін бұзады. Ақыр соңында, әрбір халық белгілі бір заңдарды, салттарды, соқыр сенімдер мен дінді басшылыққа алады, ал басқалары өзге институттарға, өзге адасулар мен көзқарастарға бағынышты.
Демек, бір ғана бірдей заңдар барлық халықтарға жарай бермейді, оларды табиғат пен жағдай соншалық бөлекбөлек еткен, олардың қажеттері де соншалық әртекті, сенімдері бірбірінен соншалық алшақ. Саясат адамдар шындығында қандай болса, сондай күйінде басқаруы керек; заңдар адамдардың дәл қазіргі жайкүйін есте ұстауы тиіс. Құлықтың, сенімнің, салттың іріпшіруі халықтарды табиғаттан алшақтатып жібергенде ең білімді кемеңгерліктің өзінің қолынан келетіні тек оларды сол табиғатқа кайта оралту ғана. Тұтас бір ұлттар, орасан зор әлемдік қоғамның осынау индивидтері, жекелеген қоғамдарды құрайтын индивидтер секілді, қателіктер жіберіп, алжасып жатады. Қоғамдар да, тірі организмдер сияқты, дағдарыстарды, есуастық, конвульсия, революция, тіршілік пошымының өзгеру сәттерін бастан кешіреді; олар дүниеге келеді, өседі, өледі, денсаулықтан айрылады, қайтадан сауығады, ақыр соңында, барлық адам баласы секілді, оларда да табиғат өзінің барлық туындыларына белгілеп қойған шекте балалық, жастық, қарттық шақтарын бастан өткереді және ажалға бас иеді.