РефератыҚазақша
Маңғышлақ жартыаралындағы 1870 жылғы Адай бүлігі
≈ 11 мин чтения

Маңғыстау жартыаралы Каспий теңізінің шығысында, айтарлықтай үлкен кеңістікті – теңіз жағасынан Хиуа иелігінің шегіне дейінгі, негізінен құнарсыз, жүріске қиын, тек көшпелі қазақтардың көшіпқонуына ғана қолайлы даланы алып жатыр. Бұл жердің тұрақты тұрғындары қазақтардың адай руы, жалпы саны 40 мың үйдің шамасында, олар бір орында тұрақтамай, жыл бойына мал соңында көшіп жүреді. Қыста Маңғыстауда, Теке шекарасына жақын, ықтасын Оғры, Маңлы Хорис, Құрбан және Дали (жер аттары автордың жазуынша беріліп отыр. Н.Ж.) жерлерін мекендейді. Жазда Жем өзенінен ары Орал облысының шегіне дейін көшеді, сөйтіп малдың қысқы жайылымын сақтайды. Себебі олардың қысқы қоныстарында, жалпы Каспий жағалауынан Қарабұғаз шығанағына дейінгі жерде шөп мардымсыз, әсіресе, жаздың аптап ыстығыңда қуаңшылықта шөп түгел күйіп кетеді. Осы жүзжылдық басталғанға дейін Маңғыстау жартыаралы маңайындағы жерлерімен Түрікмен иелігіне Пірғали ханға қарады. Маңғыстауда орыс бекінісі жедел салына қойған жоқ, тек 1834 жылы ғана Маңғыстау жартыаралы Астрахань губернаторының бағынысынан алынып, Орынбор өлкесінің бастығы генераладъютант (кейіннен граф) Василий Алексеевич Перовскийдің қарамағына өткеннен кейін салынып, сосын 1846 жылы генералгубернатор Обручевтің кезінде аяқталды. Мұнда үш казарма, азықтүлік дүкені, лазаретцейхауз, оқдәрі қоймасы, басқа да ғимараттар болды. Бастапқыда бекініс аумағы үлкен болды, қабырғаларына тақалып, тиісті атқыш артиллеристерімен 24 зеңбірек тұрды, ал гарнизонда шептік жауынгерлердің жарты батальоны, үш жүздей Орал қазақтары болды (мұнан әрі жазылуы ұқсас «қазақ» сөзімен шатыстырмас үшін «казакорыс» деп атаймыз. Н.Ж.). Бекіністің екі жағындағы екі таудың басына да батареялар орналастырылды. «Қадағалау мұнарасы» деп аталатын бұл таудың біреуінде флагшток бар, ту қадалған. Бекіністің аты – НовоПетровск. Кейіннен Орынбор генералгубернаторы, генерал адъютант Безак (Безак Орынбор өлкесін 18601864 жылдары басқарды) фортта болған кезінде оны тым үлкен деп тауып, көлемін кішірейтуді ұсынды. Бекіністің қабырғасында 8 зеңбірек қана қалды, таулардағы батареялар алынып тасталды, бекіністің аты Александровск форты болып өзгертілді. Бекініс салынғаннан кейін даладағы ұрлық, Каспийдің жағасында қалың қамыс тасасына тығылып, орыс балықшыларының аулағанын аңдып отыратын қазақтардың тонаушылығы біраз азайды, бірақ түпкілікті тыйылған жоқ. Адай дегендер ешқандай билікті мойындамаған халық. Басқа қазақ руларына қосылмай бөлек өмір сүріп, олармен тіпті туыстық қарымқатынас та орнатпайтын даланың бұл жаугер ұлдары басқаның есебінен өмір сүргенді, өзгенің байлығына қол сұққанды тәуір көреді. Олар тек орыстарды ғана емес, өз қазақтарын, хиуалықтарды, түрікмендер мен текелерді де тонайды (автор бұл жерде теке тайпасын түрікмендерден бөліп көрсетіп отыр. Н.Ж.). Текелер де адай сияқты басбұзар халық, олардың араларында мал ұрлығы, қақтығыстар жиі болып тұрады. Маңғыстаудағы орыс үкіметіне қарсы бүліктің қарсаңында мынадай оқиға болған еді: Адайлар 500 адам болып, текелерге келеді, олардың ауылдарына кенеттен шабуыл жасауды ойлап келген. Текелер болса мұны қандай жолмен болса да, алдын ала біліп қалған да, шақырылмаған қонақтардың алдынан одан көп қол шығарған. Екі жақтың кездесуі жан беріп, жан алған қырғын қақтығысқа ұласқан. Бұл ретте текелер жеңіске жетіп, өз жауларының бірнеше адамын тұтқынға алған. Қирай жеңілген адайлардың көп адамы өліп, ұрыс даласында қалып, біразы жараланып, ауылына қайтады, бірақ «Қаз ашуын тырнадан алып», қайтар жолында орыс үкіметіне мойынсұнып, алымсалығын төлеп отырған түрікмендердің бейбіт жәуміт руының үш аулын шауып, далаға із жасырып кетеді. Жапа шеккендер,әрине, Александровск форты басшылығына арызбен келеді, бірақ олар не істей алады, мұңдай қарақшыларға? Алайда, әскери бастық дистанциялардың бастықтарын (олар екеу: жоғарғы және төменгі, орыс үкіметі оларды беделді қазақтардан тағайындаған.) шақырып алып, ұрланған заттарды адайлардан кері тартып алып, иелеріне қайтарып, айыптыларды фортқа жеткізуге бұйырды. Дистанция бастықтары үкіметке берілген адамдар, солай бола тұра олар басбұзарларға ештеңе істей алмады. Оның үстіне, адайлар форттан далаға шыққан әскери партияға шабуыл жасап, айтарлықтай нұқсан келтірген. Орынбордан 1863 жылдың жазыңда кіші Қазақ ордасының батыс бөлігі правителінің ставкасы орналасатын бекініске орын іздеп, штабскапитан Зеленин басқарған отряд өлкенің оңтүстігіне қарай жылжыды. Отряд құрамыңда 50 оралдық казакорыс, 4 урядник және бір офицер болады. Отряд Жемнен өтіп, Сарыбұлаққа таяғанда адайлар оларға шабуыл жасап, аттарын тартып алмақшы болады. Күн кешкірген уақыт болатын. Отряд қоналқыға жиналып, қарс жасап орналасты. Сол кезде кенеттен қамыс арасынан бірнеше ондаған атты кісі қиқулап шыға келді де, отрядқа қарай шапты. Абырой болғанда, қазақтардың мылтықтары оқтаулы болатын, шауып келе жатқандарға қарсы оқ жаудырды. Топ ыдырады. Адайлар мұнымен тыншыған жоқ, отрядты Исанбердіге дейін жанамалап, аңдып барды. Орынбордан шығарда генералгубернатор сұлтанправительге отрядқа қарай шығып, қарсы алуды ұсынған еді. Сұлтанның жанында оның қауіпсіздігіне жауапты тұрақты 200 қазақ болатын. Алайда, ол қас қылғандай үйленетін болып, тұрған жерінен әрірекке көшіп кетіпті. Сөйтіп, Исанбердіні қорғаусыз қалдырылған. Преображения күніне бір күн қалғанда келіп жеткен отряд сұлтанның қай жерде екенін білмей, сол жерде тоқтап, сұлтанның келуін тосуға мәжбүр болды. Отряд бастығы штабс капитан Зеленин соның алдында сұлтанды іздеп тауып, адайлардың отрядтың ізіне түсіп келе жатқанын, өздерін қарсы алу қажеттігін айтып, шабарман жіберген болатын, бірақ одан еш нәтиже болмады. Отряд қорғанысы мықты қолайлы жерге орнықты. Үш жағы сумен қоршалған, тек алды ғана ашық дала. Сол жерге лагерь құрылды, қоршай каре жасады. Айта кету керек, ауыспалы каре мұнда басқа жақтағыдан сәл өзгешелеу жасалады. Бірінің артынан бірі тізбектеліп, түйелер шөгеріледі. Сосын қолда бар жүктен, арпа, кепкен нан, басқа да азықтүлік салынған қаптардан кісі беліне дейін, кейде одан да жоғары қабырға қаланады. Сол қоршаудың ішінде қорғаныста отряд орналасады. Штабскапитан Зелениннің отряды үш айлық азықтүлікпен қамтамасыз етілген еді, онда 96 түйе болды. Соның арқасында отряд құрған каре өте мықты болып шықты, оны бірден шабуылмен алу мүмкін емес еді. Алайда, қазақтар қулық жасады, олар казакорыстардың «үрдісін» және осал тұстарын жақсы білді. Преображения күні, яғни 6 тамызда маңайда адайлардың жоқтығын және салыстырмалы түрде өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ете алғанына малданып Зеленин казактарға шарап үлесін беруге бұйырды. Бұған дейін екі апта бойы күннің ыстықтығына, әрі маңайды торып жүрген қазақтардан сескеніп, ешкімге арақ берілмеген еді. Аш қарынға түскен арақтан қазақтардың біразы масайды, лагерьдің қауіпсіздігін естен шығарды. Қарын тойғызып, ассу ішкеннен кейін олардың бірі мылтықтарын тазаласа, екіншілері ән салып не әңгімедүкен құрысып отырды, үшіншілері ұйқыға бас қойды. Отряд бастығы да күркеге кіріп, сәл мызғып алуға ұйғарды. Мезгіл тал түс болатын, отряд түгел ұйқыға кетті. Аттар жақын жерде көгалда жайылып жүрді. Атты күзететін 12 казактың біразы қалғыпшұлғып отырған. Кенет жер астынан шыққандай, табынға қарай бір топ қазақ лап қойды. Жаңағы маужырап отырған солдаттардың біразы оқ атып үлгерді, қазақтар тұсаулы аттарды ары қарай айдай бастады. Жемнен өтсе болды, олар ешқашан да ұстатпайды, ал казакорыстар үшін айдалада атсыз қалу өліммен парапар нәрсе еді. Себебі ең жақын Орал шебі 450 шақырым жерде. Осы ойдың өзінен денелері түршіккен казакорыстар жан дәрмен мылтықтарына жабысып, аттардың соңынан жүгірді. Отряд бастығы қасына тек алты адам қалдырып, барлығын солай жұмылдырды. Адайлардың лагерьге тіке шабуға тәуекелі жетпеді, әріректе күтіп тұрған басқа қазақтар аттарға қарсы жүргенімен атылған оқтан қорқып, беттей алмады. Сөйтіп, орыстар аттарын кері қайтарып ала алды. Орал казактары да қаны қызу халық қой, қайтарған аттарын кареге кіргізіп, ерттеп, қазақтардың соңынан қумақ болды. Бірақ олар жанжаққа бытырап кеткен еді. Кареге кірген аттарды санағанда бір ерттелген ат артық болып шықты, артынан қазақтарға көрсеткенде, ат жаңағы атыста қаза болған, адайлардың жол бастаушыларының бірі Өтен оқтаудың (мақалада осылай жазылған. Н.Ж.) аты дегенді айтады. Отряд та шығынсыз емес еді. Отряд үлкен мерекелердің бірін осылай «атап» өтті. Осы оқиғадан соң келесі күні Зеленин Орынборға және сұлтанправителге хабар жібермекші болды. Алайда, маңайды торуылдап, жау тобы жүргенде мұны жүзеге асыру оңай еместі. Зеленин адайлардың бірін шақыртып алуға ұйғарды. Мұңдай әдіс бұрын да қолданылатын. Ақшаға көп нәрсе істеуге болады, ақша үшін туған әкелерін де сатып кететіндер табылады, тек көбірек берсең болғаны. Орыс отряды бастығының тапсырмасын орындайтын адам кешікпейақ табылды, ол кеше ғана бізге шабуыл жасағандардың тобындағы адам екен. Зеленин қос уыстай екі гривендік ұсақ күміс ақшаны араластырыпараластырып жіберді де, «мынау ақша саған, егер менің пакетімді сұлтанправительге жеткізіп, кері жауабын алып келсең тағы да осындай қос уыс ақша аласың», деді оған. Ешқашан осынша ақша көрмеген әлгі қазақтың көзі қозы көрген қасқырдың көзіндей жайнап кетті. — Жақсы, бастық, жақсы! Бәрін де істеймін, – деп жалбаң қақты ол. Ол шынында да, бәрін айтқандағыдай дәл орындап келді. Жаңағы хабар жеткізуші кетісімен отрядқа Зеленинмен бұрыннан таныс, бізбен тату адайлардың бір биі келді. Ол біздің Өтеноқтау сияқты басбұзардан аман құтылғанымызға қуанышын білдіріп, құттықтады. Зеленин оны қабылдады, сосын бірден кешегі шабуыл туралы бұрын біліп пе едің деп сұрады. — Әрине, біз бәрін де білеміз, – деді ол. Зеленин күйіп кетті. «Сен орыс үкіметіне берілгенсің, орыстан алған алтын медалің бар. Неге бізге ескертіп, хабар бермедің?! — Ай, бастық, несіне ашу шақырасың? Бізге олай істеуге тіпті болмайды. — Неге? — Онда мені сатқындығым үшін итше қорлап, басымды кесіп алған болар еді. Ол отрядқа шабуыл жасамас бұрын Өтеннің өз аулында болып, орысты жеңіп шығуға құдайдан медет сұрап, бата жасағанын жеткізді. Шайға қанғаннан кейін би аулына жүріп кетті. Еңдігі жерде қазақтардың бас құраған жиынын көрсе, дереу хабарлайтынын айтып, Зеленинге уәдесін берді. Бір жақсысы, оның аулы отряд тұрған жерден 10 шақырым ғана қашықта еді. Арада күн өтіп үлгерген жоқ, биден хабар келіп жетті. Кешегі қақтығыста өлген адамның ағасы орыстан өш алуға қол жинап жатыр екен. Қазақтардың хабарының көбіне жалған болып шығатынын білетін Зеленин өзіне таныс үш қазақты, аныққанығын біліп келуге жұмсады. Олар хабарды растап келді. Адайлар біраз адам жинаған, отрядқа таң алдында шабуыл жасауға ұйғарым жасап отыр екен. Бұл азиаттардың шабуыл кезінде көп қолданатын тәсілі, таң алдында адам қатты ұйқыға кетеді де, олардың мүлік заттарын оңай олжалап алуға болады. Бұл түні отрядтағылар көз ілмеді, бірақ шабуыл болған жоқ. Отряд бұл жерде қазан айына дейін болуды ұйғарған, бұл оларға жергілікті ауа райын жақсылап зерттеу үшін және Жем өзені бойында салынатын болашақ бекіністің орнын таңдау үшін қажет еді. Бекініс, негізінен, басқа бейбіт қазақтарды адайлардың шапқыншылығынан қорғау үшін тұрғызылмақ болатын. Алайда, мынадай жаулық пиғылдағы жабайы адамдар қоршап тұрғанда отрядтың бұл жоспарды іске асыруы қиын еді. Екі қақтығыста әрқайсысы берілген 40 патронный кім 10ын, кім 20сын атып, азайтқан еді. Зеленин Орал шебіне таяу жақындап қоныстану қажет деп тапты. Бірінші күні отряд 30 шақырым жол жүрді. Домбаяқ құдығының маңына келіп қос тікті. Сұлтанправителге жұмсаған қазақты олар осы жерде кезіктірді. Сұлтан онымен бірге офицер басқарған 30 казак әскерін және Маяев деген кіші ордаға түгел беделді адай биін қоса ертіп жіберіпті. Бұған қоса сұлтан Зеленин отрядына көмек ретіңде үш фунттық зеңбірегімен тағы да 150 казакты көмекке жіберетіндігін айтқан. Би Маяев отрядқа үлкен қызмет көрсетті. Оның адайлар арасындағы беделін пайдаланып, Зеленин оны адайларға ықпал етуі үшін отрядтың алдымен жүргізіп отырды. Шамасы, адайлар оны өте сыйлайтын болса керек, екі күннен соң отряд келгенде Исанбердіде бірдебір қазақ үйі болған жоқ, бәрі Үстірт үстіне көшіп кетіпті. Мұнан әрі Орал шебіне дейін жолшыбай адайлардың топтары кездесіп қалып отырды, алайда, олардың ешқайсысында отрядқа шабуыл жасау туралы пиғылы аңғарылған жоқ. Жем бекінісіне келгеннен кейін Зеленин отрядты соңда қалдырып, отрядқа жалғыз кетті, қасына тек Маяев пен оның жандайшаптарын ертті. Орынборға жеткеннен кейін Маяев генераллейтенант, шекара комиссиясының төрағасы Лодыженскийдің қабылдауына келтірілді. (Оралсырты қазақтары 1868 жылға дейін Орынбор шекара комиссиясының ерекше басқаруында болып келді, оны төраға басқарды. Сондықтан Орал маңы даласы «Орынбор ведомствосының даласы» деп аталатын). Лодыженский Маяевты маңызды тұлға ретінде бағалап, үлкен құрмет көрсетті. Қазына пәтеріне орналастырып, күн сайын тәуліктік нәпақалық қаражатты 2,5 рубльден бөлгізді. Мұңдай ақша тек сұлтанправительдерге ғана төленетін. Әрине, бидің таңданысы шексіз еді. Зеленин оған отрядты қорғаудағы еңбегі үшін қандай сый дәмететіндігін сұрағанда Маяев не айтарға білмей, сасқалақтап қалды. Маяевқа әуелі мойынға тағатын алтын медаль берілмек болды, бірақ қазақтардың бұған онша құмар екендігін ескеріп, «темірді кім көріп жатыр», оған жасыл барқыттан (мұсылмандардың ұнататын түсі) тігілген шапан сыйлауға ұйғарым жасалды. Шапанның етегі, жағасы, өңірі генералдық алтын галунмен зерленген. Мәртебелі қазағымыздың қуаныштан жүрегі жарылардай болды. «Осы шапанды киіп, генералгубернатордың қабылдауынан кейін маған келгенде Маяевтың жүзі жайнап, қуанышы қойнына сыймай, шаттанып тұрды» деп жазады өз естелігінде Зеленин. — Енді мені жұрттың бәрі білетін болады, – деді ол, – үстімдегі патшаның иығыма жапқан шапанын көргендер қызғаныштан жарылып өлер. Мен барлық дүниемүлкімді, барлық әйелімді, барлық малымды бір ғана осы шапанға айырбастап жіберермін. Қара орманымды берем. Енді мен орыстар үшін өлем, өлгенше патшаға адал қызмет етемін. Біздің қорғаушымыздың қуанышы дәл осындай болды. Шыңдығында да ол орыс үкіметіне адал қызмет етті. Адай көтерілісі кезінде Россияның мүддесі үшін жанын берді.