РефератыҚазақша
Маңғыстау аңыздары
≈ 11 мин чтения

Қожа Ахмет Яссауи оқу мерзімі аяқталған шақта шәкірттерін жинап алып: — Мына асаны қазір анау күмбезден асыра лақтырамын. Осыны тауып әкелген шәкіртке арнайы құрмет көрсетіледі — депті. Ұстаз асажебесін ұстап отырған күйі ытқытып жібереді. Баршасы шуылдасып сыртқа жүгіре шыққанда, тек қана Шопан отырған орнынан тапжылмайды. — Өзгелер асажебені іздеп кетті. Ал, сен неге қалып қойдың? — деп сұрайды ұлы ұстаз. — О, ұлы ұстазым, ол шәкірттер қанша іздегенмен жебені таба алмайды, жебе тым алысқа ұшып кетті. Оған жету үшін мақсатты сапар, жол мехнаты керек,— депті. — Зейінін жетерлік, зердең кемел екен, шәкіртім. Қасиеттен кенде еместігіңді таныдым. Сол жебе түскен жерге барып мұсылман ілімін тарат, адамдарды дінді дәріптеуге үйрет, қараңғы халықтың санасына Мұхамбет ілімінің сәулесін құй. Әмәнда жолың болсын. Жебеушің Аллатағалам, жол сілтеушің Қыдыр атам болсын,— дейді, Қожа Ахмет. Шопан ата ұлы ұстазы лақтырған асажебенің жетіп түскен жерін іздеп тапқан екен. Сол жердің иесі Баян байдың жалшысы болып жүре беріпті. Зердесі бөлек, ойөрісі кең Шопанның өзгелерден ерен қасиетін Баян бай да байқаса керек. Жалғыз қызын Шопанға әйелдікке беріп, қасиетіне құлшылық еткен деседі. 2. Шопан ата қабілетқасиетін біртебірте таныта бастайды. Бірде көп қонақ алқа қотан отырып әңгіме шертеді. Бір кезде ас тартылады. Бас табақ үлкендер алдына қойылады. Қонақтың ен үлкені басты ұстайын деп ыңғайланады, бірақ табақтағы бас орнында тұрмай ауада қалықтап барып, есік алдына таяу отырған Шопанның алдына барып тұрады. Басты қайтадан үлкен кісіге ұстауға ұсынады, жағдай тағы қайталанады. Сонда үлкен кісі: — Мына бас иесін іздеп тұр екен. Анау Шопанды бас табаққа әкеліп қосыңдар,— дейді. Шопан бас табаққа келіп отырады. Бас енді қозғалмайды. 3. Маңғыстау қазақтары мен түрікмендердің қаруға жармасып қанға ˗ қан, жанға ˗ жан деп тұрған кезі болса керек. Адайдың ханы Пірәліге берілген қыз Көрпешті қайтып аламыз деп түрікпендер ұйғарымға келген көрінеді. Түрікпендер қолының қазақ, аулына жетпей тұрып алдынан шыққан Көрпеш: — Төркін жұртым, сүйегім, ақылмен шешіңдер. Басқа қайғы салма. Әкем Бектұрлы ишан ақылсыз болмаған ғой. Адайдың пірі Бекетпен қол ұстасқан дос болды, ел болдық. Пірәлімен дос болды, қонысымыз кеңейді. Тентектерге жел берсек, оның арты не болар? Мені қорлықта жүр деп кім айтты, Адай жесір береді деп кім айтты? Адайдан бүгін мені алсаң, ертең ол сенен алады? Жүздеген қатын баланың даусы менің құлағыма қазірақ келіп түр. Кейін қайт,— деп, түрікпен қолын тоқтатып, соғыссыз кейін қайтарған екен дейді. 4. Қараман Ата, Есен ата, Масат ата мешіттерін жер асты жолмен бірбірімен жалғастырмақ мақсат ұстағанға саяды. Есен ата мен Қараман ата мешіттерінің өзара байланысы болды ма деген қауесет расқа жақын келеді. Қазірде көзі тірі, Маңғыстаудың Емір елді мекенінде тұратын Анысұлы Балапаш қарт мынадай әңгіме тұжырымдайды. — Жас жігіт кезім, Маңғыстаудың тұсында әйгілі болған азаматы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлымен Кетікке (ФортАлександровскіге) бірге сапарлас болдым. ұзын керторы ат мінген Оразмағанбет жолай Қараман атаға соғып зиарат етті. Жер асты ғимаратына кіріп аралады. Ол кезде пәлендей бүліне қоймаған құрылысты тереңдей аралаған сайын менің көңіліме қорқыныш ұялады. Тастай қараңғы үңгірге андасанда сіріңке жарық етіп Оразмағанбет байсалды жүріп келеді. — Балам, тарихтың белгісіз, бізге түсініксіз беттері көп. Естуім бар еді, құдірет пен қасиет иесі Қараман ата осынау жер асты жолымен анау «Ақсайдың» құдығынан керекті ауыз суын өзі алып келеді екен деуші еді, рас болуы да мүмкін екен. Жер асты жолы ұзап барады. Осы көргеніміз де жетер, қайтайық. Жол ақысы жүру,— деп еді. — Қараман ата жер асты құрылысының осынау жолы шындыққа жанаса ма, жоқ па, оны іздестіру, зерттеу лазым. Асылы Қараман ата мен Есен ата ғимараттары арасын осындай жер асты жолы жалғастырып жатырау деген ой келеді көңілге. Оның шындыққа жақын келер тұсы жаңағыдай. Маңғыстаудың бойындағы аталар мешіті арасын жер асты жолымен жалғастыруды арман етуі де мүмкін ғой. 5….Алатау аймағында көшіпқонып жүретін Жары Назар аулының қара шаңырағының табалдырығынан иман жүзді, тахуа, дін иесіне тән киінген ақсақал аттаған деседі. Төс түйістіріп қарсы алған, аппақ киімді, ақ күліктей сақалы төгілген бейтаныс қонағы Жары Назардың көңіліне жылы ұшырап, оны ерекше сезімге бөлейді. Суыртпақтай тартылған әңгіме бірте бірте желі тартып, түсінісіп, шүйіркелесіп үлгереді. Назардың ірілі уақты балалары да әке төңірегіне жинала бастайды. — Ассаламағалайкум! Ақ киімді қонақ оқыс дауыстан селк етіп, орнынан тұрып кетердей серпілді. — Уағалайкумсәлем! Бар бол, оғылан. Қонақтың қоңырқай жүзінен оқыс өзгеріс сезген Назар: — Уа, қонағым, неден секем алдыңыз?— дейді. — Аңғарған екенсіз ғой. Сәлемші балаңыздың үні өктем, ызғарлы, сесті екен, жүрегім қозғалғандай болды. — Ол ненің белгісі болды екен? Құдай игілігін көр деп берген төрт ұлым бар. Соның үлкені өзіңізге сәлем бергені. Одан кейінгісі мына отырған есімі Тастемір, оған жалғас Құдайберген, Майлан. О, Алла Тағала! Сырт көз сұғынан сақта, балтаның сабындай қысқа ғұмырда осылардың жамандығын көрсете көрме! Уа, құдайы қонағым, Шотанымның үнінен секем алдым дедіңізау. Осыныңыз тегін болмас, сірә, Алла асылығына іліктірмесін. Адам танитын кісі сияқтысыз, балаларымды сынап берсең деп ниет етіп отырмын,— дейді. Сонда қонағы: — Шотаныңның үнінде сетінемес ызғар, жүрек қозғар қаһар, ал жүзінде ақыл жимас айбат болса, жанарында сыну білмес ұшқын лапылдап тұр екен. Осының жау қайтарар батыр болар ма; — Тастемірдің жүзі қанды екен, көзі жанды екен, өсіпөніп өрісті болар ма; — Қүдайбергеніңнің өңі ашаң, ерні жұқа, тілі сүйір екен, асылы сөзге үйір болар ма; Кәдуілгі қонақ кәдесін жасар тұста құдайы қонақ Назардан Алла ризашылығына жүгініп ұлықсат сұрады; — Апырымай, түннің бір уақыты болғанда мұныңыз қалай? Әлде бір нәрсеге көңіліңіз толмай ренжідіңіз бе? Қонақ ретінде бұйымыңызды сұрау рәсіміне де жете қойған жоқ едім… Қонақ пен Назар қатарласа сыртқа шықты. — Назар,— деді құдайы қонақ,— құдайдың құлы ретінде өміріңе риза емес, олқы тұстарың бар ма? — Ынсапсыздық діліме жат. Бергеніне шүкірлігім үстем. — Құдайдың сүйікті құлы мың сан болса, соның бірі екенсің. Осыны танып, біліп тұрмын. Құдай өзіңе Қыдырмен ұшырасуды мақсым етсе қайтер едің? — Қыдыр көргеннен артық, бақыт болар ма пендеге, тірінің бақыттысы сезінер едім. — Онда, жай қолыңды. Құдайдың кездесуін жазған Қыдыры қасыңда. Бұл ғаламдағы Алла пендесіне тиесілі жақсылықтар барша ұрпағына бұйырсын. Екі дүниенің абыройы тиіссін, Сізге, Әумин! Назар қос алақанымен жүзін сипап өткенде қасында тұрған пенденің ізімқайым жоқ болғанын көрді. 6. Адайда Есекмерген есімді ержүрек аңшы адам болған екен. Сол кісі Арқа бойындағы «Қарабауыр Нұр» деген жердегі елінен шығып, шалғайдағы Үстірт өңіріне келеді. Үстірт жерінде ол кезде ел жоқ екен. Бір күні кешке салым атып алған аңының етін пісіріп жеп отырғанда, бір адам тұрпы бар мақұлық қасына келеді. Бірақ сөйлемейді. Есек жеп отырған етінен ет ұсынса, алмайды. Сөйтіп біраздан соң әлгі үнтүнсіз кетіп қалады. Енді Есекең сақтанып «ойпырай, «жезтырнақ» деген өте қауіпті адам тәрізді мақұлық бар деп еді, сол болмағай» деп қауіптенеді. Ол сақтықта қорлық жоқ деп томарға шекпенін жауып, тасада аңдып жатады. Бір мезгілде манағы мақұлық ептеп басып келеді де киім жабулы томарға қолын салып қалғанда, томар пашырпұшыр етеді. Есекмерген де атып салады. Өліп қалған адам тәрізді мақұлықтың тырнақтары томарға еніп кеткен екен. Екі қолын қызыл асығынан кесіп алып, жол қапшығына салып алады. Тырнақтары сапсары алтын сияқты жез екен дейді. Есекмерген тағы бірде елсізде келе жатса бір құнанша тайлақ шамалас түйеге кездеседі. Жаңағы түйе жақындап келгенде адамға тұра ұмтылады. Қорғану үшін қапелімде ақыл таппай қалып, Есекең қаша жөнеледі. Бірақ еш сескенбестен соңынан қалмай қуады. Бір мезгілде түйе жетер болғасын бір кереге молаға кіріп, қорғанбақ болады. Жанағы түйе молаға ауыз салады. Тілінің тиген жерінің тасы опырылып құлай беріпті. Сөйтесөйте жаңағы құлаған тесіктен тұмсығын тығып, тілін жалаңдатып ілгері ұмтыла береді, мұның өзі қауіпті болдыау «таутайлақ» деген бір түйе тектес жануар бар деп еді, сол болар деп, неде болса, бұған қайрат жасау керек деген оймен манағы қапшығын ашып, жезтырнақтың қолымен түйенің жалаңдаған тіліне салып қалса, кесіп түскен екен. Сол арада таутайлақ жығылып қансырап өліпті. 7. Бір күні тынығып түс мезгілінде етпетінен жатып ұйықтап жатқанда, Есекеңді қақ жауырынынан ұстап әлдене аспанға көтеріп алып кете барады. Ешқандай қайрат, амал жасауға шамасы келмейді. Содан бір көлдің ортасындағы үлкен таудың баурайындағы алтықанат үйдің шамасындай құстың ұясына келеді де босатады. Ұяда бүркіттің балапаны болады. Жаңағы көтеріп әкелген сол екі балапанның енесі бүркіт екен. Есекең көл судың ортасында, таудың ұшпа бауырында қозғалуға жайы жоқ жата береді. Жаңағы алып бүркіт құлан, киік сияқты аңдарды ұяға әкеліп тастайды да, өзі кетіп қалады. Есектің қаружарағы, қазаношақ аспаптары өзімен бірге жүреді екен. Аңның етін жеп жата береді. Бір күні екі бүркіт шалықтай ұшып, ұяның алдынан әрліберлі өтіп, бірақ ұясына келмейді.— «Бұл қалай екен?» — деп таңданып отырса, таудың бауырымен жорғалап, үлкен айдаһар жылан ұяға қарай келе жатыр екен. Есек, их, бұл жануарлар менен көмек күткен екен ғой деп мылтығын оқтап, дайындайды. Жылан ұяға иегін аса береді. Екі көзі жарқыраған шартабақтай екен. Сол екі көздің арасы деп көздеп тұрып атып қалғанда жылан таудан домалап жоқ болады. Жылан жылда әлгі бүркіттердің балапандарын сол жерден жұтады екен де тұқымын өсірмейтін көрінеді. Бүркіттер Есекеңді жыланды өлтіру үшін әкелген екен. Енді қара жерге шығудың қамын ойлаған Есекең құланның терісін тіліп одан арқан өре бастайды. Ондағы ойы мына екі балапан бір күндерде қара қанат болып ұшады ғой. Сонда өзі көтеріп әкелген алып құстың баласы мені қара жерге шығаруға әлі жететін болар деп ойлайды. Өрген арқанының бір шетін екі балапанның тұсамысына бекітіп, екінші жағын өзінің беліне байлап бекітеді. Сонымен Есекең аңның етін жеп, балапандарын бақылап жата береді. Бір күні екі балапан ақ үрпектерін ұшырып, қарақанат шыға бастайды және екі қанаттарын сабалап өздеріне байқау жасаған сияқты белгі береді. Есекең үміттеніп қуана бастайды. Сөйтіп отырғанда бір күні екі бүркіт неше қайтара шалықтап ұшып өтеді. Есекең бар саймандарын бойына бекітіп дайындалады. Бүркіттер ұяны жанай ұшып өткенде екі балапан да лап қойып ұшады. Тұсамысына бекітілген адамды да ала кетеді. Енесі мен атасы ілгері қарай бағыт беріп ұшады да отырады. Балапандар талмаусып төмендесе бүркіттер жақын келіп қасынан жанап өткенде қайта көтеріліп кете береді. Сонымен бір уақытта қара жерге шығады. Мерген жерге түсуге дайындық жасайды. Сөйтесөйте балапандар төмендеп жерге таяу келгенде Есекең арқанды пышақпен қиып жіберіп жерге түскен екен дейді. 8. Бекет 14 жасында: «Әке, мен білім жолын қусам ба деп едім, оны қалай көресіз»,— дейді. — Талабың оң болсын, балам. Алдымен Шопан атаға түне, соның батасын ал, басына барып тағзым ет,— дейді әкесі. Бірінші түн Шопан ата жас жігітке түсінде аян берген. — Жас жігіт, өлі аруақ тіріге пір бола алмайтынын білмейтін бе едің, жолыңнан қалма, еліңе қайт. Жігіт кете қоймай аялдай берген. Екінші түн ұйқысында да Шопан Ата аян берген, былай деген: — Үргенішке бар, сонда ПақырЖаназа деген қасиет иесі бар, соны сағала, шырағым! Бекет ПақырЖаназадан 7 жыл дәріс алады. Бір күні пір шәкірттерін жинап алып: «Ал енді биылғы оқу аяқталуы жақын. Келесі жылға дейін жетерліктей етіп отындық ағаш жинап беріңдер,— дейді. Шәкірттер қолдарына балта, ара ұстап орманға барып, ағаш дайындайды, әрқайсысы молырақ әкелуге тырысады. Ал, Бекет болса пәлендей көп емес, әбден қураған, жарамсыз ағаштарды әкеледі. Өзге шәкірттер оның қылығына мысқылдай қарап, күлкіге айналдыратын ниет білдіреді. Мұны пірге жеткізуге асығады. Пір сыртқа шығып келтірілген отындарды қарап, шәкірттердің айтқаны дұрыстығына көз жеткізеді. Сөйтіп пір Бекеттен: — Өзге шәкірттер әкелген отын ағаш әрі көп, әрі сапалы, ал сенікі аз, әрі кілең қураған болғаны қалай,— деп сұрайды. Сонда Бекет: — Мен қай ағашқа балта ыңғайласамақ болды «Жас едім, өркенімнің өскенін, жапырағымның жайылғанын армандап едім, балта жүзін аулақ қыла көр, адам» — деп кез жасын кел етеді. Жаным ашып, жазалауға, заялауға батпаймын. Өзегінен айрылған, омырылып түскен, әбден қурап қалғанын теріп уақытым текке кетіп, аз жинадым, — дейді Бекет. Пір атасы Бекетке ризашылық батасын беріпті. Оқу аяқталар тұста ПақырЖаназа қасиетті аса таяқты шәкірттердің біріне тапсырайын десе, барлығы да дәмелі екенін байқатады. — Олай болса,— дейді пір,— мына асаны мешіттің төбесінен лақтырып жіберемін, қайсың тапсаң асаға иелік етуге құқылысың. — Жақсы! Пір асасын жоғары лақтырып жібергенде шәкірттер сыртқа дүркірей ұмтылады. Мешітте тек бір шәкірт Бекет отырып қалады. ПақырЖаназа шәкірт Бекеттен: — Сен аса іздеуге неге ықылас білдірмедің? —деп сұрайды. — Уа, ұстазым, әуелі Алла, қалды өзіңіз рұқсат етсеңіз қылығымның жайын айтып берейін. — Рұқсат. — Ол аса әзір таптыра қоймайды. Құдіреттің күшімен ол әлі ұшып бара жатыр. Түсер жеріне жете қойған жоқ, әрі ол тым алыс, шалғайда. Пір ләммим деп ештеңе айтпайды. Асаны іздеп, таба алмай үмітін үзген шәкірттер түгелдей жиналады, оқу аяқталып пір ұлықсатымен елдеріне қайтарылады. Ал, Бекет еліне кетуге асыға қоймайды. — Шәкіртім, сен неге айналсоқтап жүрсің, мұнда енді не қарастығың бар? — Сіздің жеке батаңызды, берер еншіңізді күтілумін. — Ее, онда жай қолыңды! ПақырЖаназа зерек, ерекше қабілетті, қасиетті шәкіртіне ақ батасын беріп және қолына асыл тысты кітап, тымақ, балта ұстатып, өзінің бұйымын сұрапты. — Мекен жайымның болғанын жақсы көремін. — Шәкіртім, асықпа, артыңнан бір оғылан жіберемін. Ол саған кездескенше аса да табыла қоймас. Ал, еліңе кете беруіңе болады. Жортқанда жолың, Қыдыр ата жолдасың болсын! Содан білім қуған Бекет Жем өзені бойындағы еліне келіп жетіпті. Табынған Пір атасынан бата алған Бекет Ақмешітте мешіт салып, шәкірттерге білім беруге кіріскен. Сол тұста Бекет 21 жаста екен. Арада төрт жыл еткенде әкесіне: — Әке, ұрпақтың көңіл көзін қараңғылықтан адалап, зердесіне білім қорын ұялату үлкен парыз, адамгершілік қарыз.